Полициядан қашқан жас жігіттің тағы бір қылмысы әшкере болды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 тамыз – Sputnik. Астаналық полицейлерден қашқан көлік жүргізушінің тағы бір қылмысы анықталды. Ол айыппұл төлемеу үшін басқа көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін ұрлап кеткен, деп хабарлады Polisia.kz.
Есіл аудандық полиция басқармасына Kia Rio көлігінің жүргізушісі арызданды. Ол әлеуметтік желіде Toyota Camry көлігін қуған полицейлердің видеосын көрген. Ұстау операциясы кезінде тәртіп сақшысы көліктің жүксалғышын ашқан. Сол жерде Kia Rio-ның ұрланған тіркеу нөмірі жатқан. Көлік иесі өз нөмірін танып, бірден полицияға арыз түсірді.
Мемлекеттік тіркеу нөмірі ұрланғаннан кейін оның иесіне жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік айыппұлдар келген. Қазіргі кезде осы қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Айыппұлдың жалпы көлемі 61 мың теңгені құрап отыр. Оны кінәлі адам төлейді.
Айта кетері, бұған дейін әлеуметтік желіде полициядан қашқан көлік жүргізушінің видеосы тараған болатын. Досы екеуі бірнеше дүкенге кіріп, сыра алған. Бірақ ақшасын төлемеген. Осыдан кейін кәсіпкерлер полицияға арызданды. Тәртіп сақшылары көлікті көшеде көріп, тоқтатқан. Бірақ жас жігіт олардың талабына бағынбай, қашып кеткен. Артынан аулалардың бірінде қолға түсті. Екеуі де қамауға алынды.