НҰР-СҰЛТАН, 10 тамыз - Sputnik. Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігінің елордалық департаменті "MMK Investment" қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі
Қаржы пирамидасы инвестиция саласындағы маркетингтік компанияның атын жамылған.
Мұндай компаниялардың өкілдері салымшыларды ең аз $50 инвестициямен тарта отырып, күнделікті жоғары табысқа, әкелінген әрбір клиент үшін қосымша % төлеуге уәде береді.
"Жеке шоттағы әрбір салым сомасы шарт жасамай "цифрлық түрде" көрсетілді. "MMK Investment" компаниясының заңсыз қызметі әлеуметтік желілер арқылы жарнамаланды", - делінген хабарламада.
"MMK Investment" қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға қатысты "қамау" түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
ҚМА азаматтарды қырағы болуға және жинағын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырды.