НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Сеул мен оған жақын орналасқан аймақтарда кейінгі 80 жылдағы ең қатты нөсер жауын жауып, соның салдарынан жеті адам қаза тапты және алты адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды "Ренхап" ақпарат агенттігі.
Сеул мен одан батысқа қарай орналасқан Кёнгидо провинциясындағы Инчон портты қаласында дүйсенбі күні кешке сағатына 100 миллиметрден астам жаңбыр жауды. Сеулдің Тонджакку ауданында бір сағатта 141,5 миллиметр жаңбыр жауды. Бұл 1942 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.
Оңтүстік Корея үкіметінің мәліметі бойынша, Сеулде бес адам қаза тауып, төрт адам із-түзсіз жоғалған, ал Кёнгидо провинциясында екі адам қаза тауып, екеуі хабар-ошарсыз кеткен. Сондай-ақ Кёнгидода тоғыз адам жарақат алып, жүзден астамы баспанасыз қалды, олар мектептер мен басқа да қоғамдық орындарды паналауға мәжбүр.
Жауын-шашын салдарынан үйлерді, көліктерді, ғимараттар мен метро станциясын су басты.
"Сондай-ақ нөсер жауын көптеген қоғамдық нысанды істен шығарды: Сеулде, Инчхонда және басқа аймақта темір жолды су басудың сегіз оқиғасы тіркелді де, бұл кейбір теміржол және метро желілерінің учаскелерінде, соның ішінде Сеул метросының 4-ші желісі мен Кёнгин желісінде қозғалысты уақытша тоқтатуға әкелді", - деп хабарлады агенттік.
Ел билігі елдегі жолдардың 80 учаскесін, үш жерасты өткелін және жағалаудағы 26 тұрақты жауып тастады.
Елде су тасқынынан келген шығынның "ауыр" деңгейі жарияланды, жауапты ведомстволар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.