АЛМАТЫ, 9 тамыз - Sputnik. Нұр-Сұлтанның кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соты балабақшадағы қыздың өлімі туралы толық ақпарат берді.
Нұр-Сұлтандағы жеке балабақшада екі жасар қыз көз жұмған болатын. Бала шомылу кезінде суға батып кетті деген болжам жасалып отыр. Қыздың денесінде көптеген дене жарақаты табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қайғылы оқиға биыл сәуір айында жеке балабақшада болған. Ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласының 24 жастағы тұрғыны кіші қызын балабақшаға берген.
Қалалық сот мәліметінше, әйел балабақша үшін төлем жасамаған. Қызына бір айдан астам уақыт бармаған. Мектепке дейінгі мекеме рұқсат құжатынсыз тәулік бойы жұмыс істеді.
"Басында анасы балабақша үшін төлейтін. Ол тәулік бойы сол жерде болған. Ал кейін әйел байланысқа шықпай қойған. Балаға күтушісі қарады. Кішкентай қыз биыл сәуір айында қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, күтушісі ваннада шомылдырып жатқанда бала суға батып кеткен", - деді Нұр-Сұлтан қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Марина Кушакова.
Қыздың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті - бала күтушісі. Егер оның кінәсі дәлелденсе, әйел 8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Кішкентай қыздың әпкесібар. Ол әжесінің бақылауында болған, әкелері бала тәрбиесіне араласпайды. Барлық жағдайды ескере отырып, сот үлкен қызына қатысты әйелдің ата-ана құқығын шектеді, анасынан алимент өндіріп алды.
"Қазіргі уақытта баланы әжесінің қамқорлығына беру үшін құжат жиналып жатыр", – деді Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Гүлмира Жұманова.
Білім басқармасы қарайсыз қалған балаларды көрген барлық адамнан қамқоршылық органдарына хабарлауды сұрайды.