НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі орталық және атқарушы орган басшыларының халықпен кездесу бойынша жаңа тәртіпті қалай орындап жүргенін талдап шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Биыл мемлекет басшысы министрлер мен әкімдердің халықпен кездесуі туралы жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай, арнайы кесте жасалды. Басшылар халықпен жиі кездесіп, өзекті деген мәселелерді қадағалап отыруы қажет. Алайда ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің талдауына сәйкес, бірқатар кемшілік анықталған.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан маусым айына дейін 45 кездесу өткізілген. Ал министрлер, көбінесе, Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарына барған. Қостанай, Алматы, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстанда кездесулер аз ұйымдастырылған.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың айтуынша, кездесулерді өткізу мерзімін сақтамау фактілері анықталды. Мәселен, екі министр бір уақытта бір өңірге шығады. Ондайда кездесулердің сапасы төмендейді.
"Талдау көрсеткендей, мемлекеттік органдар жарлық талаптарын орындаған. Алайда мемлекеттік органдар кездесулердің әлеуметтік желілердегі онлайн-трансляцияларын және журналистерге арналған брифингтерді өткізе бермейді. Кездесулердің қорытындысы бойынша проблемалық мәселелер тізімі бар іс-әрекет жоспары жасалмаған немесе қолжетімді жерде жарияланбаған", - деді Омаров үкіметтің бүгінгі отырысында.
Осылайша, басшылар президент жарлығының барлық талабын сақтамайды. Облыс орталықтарына шығумен ғана шектеледі. Аудандарға, ауылдар мен кенттерге баруға асықпайды.
Бұдан бөлек, талдау кезінде халықты жиі толғандыратын мәселелер де анықтады. Олар:
қалалар мен ауылдық елді мекендердегі ұялы байланыс пен интернеттің сапасы;
өңірлерді электрлендіру және газдандыру;
сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету;
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру;
өнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын көтеру;
мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері (сурдо реабилитологтардың тапшылығы, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедекігі барлар сатып алатын техникалық құрылғылар мен оңалту құралдары сапасының төмендігі);
білім беру ұйымдары басшыларын ротациялау, бала асырап алу, қашықтан оқыту форматы, оқу бағдарламаларын жаңарту;
спорт секциялары мен шығарма үйірмелерін жан басына қаржыландыру.
Айта кетері, 2022 жылда орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары халықпен 227 кездесу өткізуге тиіс.