НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Алматыда жолаушылардың көзінше бұрынғы әйеліне пышақпен бірнеше жарақат салған ер адам бұзақылық әрекет үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қалалық полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, осы оқиғадан кейін Қылмыстық кодекстің 293-бабы, 3-бөлігі (Атыс қаруын, газды қаруды, пышақты, кастетті және басқа да қырлы қаруды немесе денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы бейімделген өзге де заттарды қолданып немесе қолдануға оқталумен жасалған бұзақылық) бойынша сотқа дейінге тергеу басталды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.
"Тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің әрекетіне баға беріліп, қылмыстық құқық бұзушылықтың квалификациясы анықталады", - дейді полицейлер.
5 тамызда Алматыда ер адам автобуста бұрынғы әйеліне пышақпен тап берді. Ол әйелді 4 күн бойы аңдыған. Алайда ол жұмысынан басқа есік арқылы шығып, қашып жүрген. Сол күні ер адам әйелді алдап, артынан еріп автобусқа бірге мінген. Абырой болғанда, пышақпен қаруланған ер адамды жолаушылар ұстап, әйелді аман алып қалды. Куәгерлердің айтуынша, күдікті 2 жыл бұрын ажырасқан бұрынғы әйелін өлтірмек болыпты. Ал бұрынырақ қаскөй 2 баланың анасын уламақ болған. Бұдан бөлек үстіңе қышқыл құйып жіберемін деп қорқытқан екен.