НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Бұрынғы әскери қызметші жұмыстан заңсыз босатылғанын және батальон командирінің өзіне қырындағанын мәлімдеген соң қорғаныс министрлігінде комиссия құрылды.
"Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында жедел түрде комиссия құрылып, әскери бөлімде тексеріс басталды. Қатардағы жауынгер А.Б. Елшібаеваның әлеуметтік желіде жариялаған фактілері анықталған жағдайда кінәлілер қатаң түрде тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Тіпті қызметтен шығарылып, қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін", - делінген қорғаныс министрлігінің ресми хабарламасында.
Тексеру барысы қорғаныс министрінің жеке бақылауына алынды.
Кеше "НеМолчиKZ" қорының әлеуметтік желідегі парақшасында әскери қызметкер Елшібаеваның шағымы жарияланды.
"Мен, келісімшарт бойынша әскери қызметші, қатардағы жауынгер Елшібаева А.Б. Қапшағай қаласы, Шеңгелді елді мекені, 54179 әскери бөліміне 13.12.2019 жылдан бастап шақырылдым. Бастапқы келісімшарттың мерзімі 3 жыл, алайда аттестациядан өтпегендіктен 22.05.03 күні мерзімінен бұрын жұмыстан босатылдым. Сонымен бірге адал қызмет атқарғаным үшін бірнеше рет марапат алдым. Маған 1-батальон командирі майор Қошанов Ертай Молдағалиұлы басқаратын батальон қолбасшылығы, сонымен қатар әскери бөлім қолбасшылығының үнсіз немқұрайлылығы қызмет етуге мүмкіндік бермеді", - деді ол өз үндеуінде.
"Әскери бөлімде қызмет еткен күннен бастап 1-ші батальон командирі (бұрынғы) Қошанов Е.М. тарапынан қудаланып, қысым көрдім. Оның отбасы бар, бірақ бұл майор Е.М. Қошановтың қызға қырындауына кедергі болмады. Мен одан бас тартқаным үшін ар-намысыма тиіп, мазақ етті. Оған бағынышты офицерлер майор Е.М.Қошановтың жүгенсздігін байқамағандай кейіп танытты. Ал подполковник Байжан мен оның орынбасары басқаратын әскери бөлімнің қолбасшылығы бәріне көз жұмып, ешқандай шара қолданбады", - дейді қыз. .
Тұрақты қысым мен күйзелістің әсерінен ол псориаз және гастрит ауруына шалдыққан.
Қызметтен босатылған соң бұрынғы сарбаз Қапшағай гарнизонының әскери прокуратурасына арыз жазған.
"Бөлім қолбасшылығы бөлімшеде мен туралы теріс пікір тудыру үшін жиналыстар өткізіп, қарамағындағыларды қорқытып, сол уақытта бөлімшенің заңгері арқылы келісімге келуді ұсынды", - дейді қыз шағымында.