ТАЛДЫҚОРҒАН, 8 тамыз – Sputnik. Алматы облыстық полициясы Ұзынағаш ауылында түнгі уақытта жаппай төбелес ұйымдастырған төрт күдіктіні ұстады, деп хабарлады аймақтың полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде жастар арасында болған төбелестің видеосы тараған еді.
Оқиға 7 тамызда Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында болғаны хабарланды. 1974-1989 жылы туған жергілікті тұрғындар саунада болып, мекеменің екі қызметкерімен сөзге келіп қалғаны белгілі болды. Жанжал соңы төбелеспен аяқталды.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оқиғаның барлық қатысушысы анықталып, аудандық полицияға жеткізілді. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі бойынша ("бұзақылық") тіркелді", - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство бұл іс бойынша түпкілікті шешім тергеу аяқталғаннан кейін қабылданатынын жеткізді. Ол Жамбыл аудандық полиция қызметкерлеріне тапсырылды.