НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин оралдық кәсіпкерді өлтірген жерде неге полицейлер болмағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін арнайы брифингте күдіктілерді ұстау операциясының мән-жайы жарияланды. Сол жерде журналистер кәсіпкерді өлтірген жерде полицияның болмау себебін сұрады.
"Қылмыскерлер шығып келе жатты ғой, сол жерде полиция қызметкерлері тұрмаған ба? Бұрынғы саябақтың алдында бір-екі көлік тұрушы еді ғой", - деді тілшілер.
Облыстық полиция департаментінің бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин тәртіп сақшыларының кезекшілік жасайтынын растады. Бірақ полицейлер бір жерде тұрмайды.
"Ол жерде біздің қызметкерлеріміз бар. Бірақ олар бір жерде тұра бермейді. Патруль жасап жүреді. Сол төңіректің бәрін қарайды, арнайы бағдары да бар. Сол бағдарда жүргенде мынадай жағдай болған...Содан кейін біздің қызметкерлеріміз келген, күдіктілер бой тасалап үлгерген. Қайда кеткенін білмей қалды кешке қарай", - деді Жаншин арнайы брифингте.
Айта кетері, 6 тамыз күні сағат 20:00 шамасында 48 жастағы Еркін Мұханғалиевті өлтіріп кетті. Ол пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Марқұм "Гульчатай" дәмханасы (бұрынғы "Астория" мейрамханасы) мен "Махаббат" мейрамханасының қожайыны болған.
Кісі өлтірді деген күдікпен 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелдіге іздеу жарияланды. Оларды іздестіру шараларына 270 адам қатысты. Ұлттық ұланның сарбаздары да тартылды. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі бойынша тергеу шаралары басталды.
Осы бапта 20 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.