НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтанда супермакеттің алдында отырған әйелді тонап кетті. Қылмыс видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Бейнежазбада ер адам әйелдің жеке затын тартып алып, қашып кеткен.
Полицияға шағымданған 43 жастағы қала тұрғыны оқиғаның мән-жайын айтып берді. Ол түнгі сағат 23.00 шамасында Уәлиханов көшесіндегі супермаркеттің аумағындағы орындықта жалғыз отырған. Сол кезде орта жастағы ер адам келіп, түсініксіз бірдеңе айтқан. Одан кейін кенеттен сөмкесін алып, қашып кеткісі келген. Бірақ әйел жеке затын ұстап, жібермей қойған. Бейтаныс ер адам оны жерге итеріп жіберіп, сөмкені тартып алған. Онда жәбірленушінің ұялы телефоны мен жеке заттары болыпты.
Байқоңыр аудандық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кезінде 50 жастағы күдіктіні ұстады. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті өз кінәсін мойындады, пәтерді тінту барысында заттай айғақ тәркіленді. Полиция оның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Айта кетері, Қылмыстық кодекстің 191-бабы (тонау, яғни бөтеннің мүлкін ашық жымқыру) бойынша 2 000 (6 360 000 теңге) айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 1 000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар, я болмаса, төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді. Ал бірнеше рет жасалған қылмыс үшін бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.