Оралда кәсіпкерді өлтіріп кетті – күдіктілер туралы ақпарат жарияланды

Sputnik
АЛМАТЫ, 7 тамыз – Sputnik. Оралда кәсіпкерді өлтірді деген күдіктілердің суреті жарияланды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан өңірдің полиция департаментіне сілтеме жасап.
"Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті 2022 жылдың 6 тамызында сағат 19.55 шамасында аса ауыр қылмыс жасаған 1991 жылы туған Қожантаев Руслан Фархатұлы, 2001 жылы туған Амангелді Тұрлан Сырлыбайұлына іздеу жариялайды. Махамбет көшесіндегі 15-ғимаратта адам өлтіріп, оқиға орнынан ізін суытқан", - делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің барлық күші мен құралдары күдіктілерді іздестіруге және ұстауға бағытталды.
Полиция департаменті егер күдіктілер болуы мүмкін немесе нақты орналасқан жері туралы ақпарат болса, 102 пультіне немесе 98-45-30 телефоны арқылы хабарлауды сұрады.
Бұл қылмыс БҚО ПД басшылығының күнделікті ерекше бақылауында.