Ауладағы дүкендер азық-түлікті қымбатқа сатады – сауда министрлігі

Бұл ретте шекті сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшері өндірушінің сату бағасының немесе көтерме сауда жеткізушінің сатып алу бағасының 15%-інен аспауы керек
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз — Sputnik. Соңғы аптада 40,3 мың ауладағы дүкенге рейд жүргізіліп, азық-түлікке қатысты 734 сауда үстемесін бұзғаны анықталды. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Ең көп заңбұзушылықтар Нұр-Сұлтанда – 278 және Шығыс Қазақстан облысында – 80 анықталды. Түркістан облысында – 38, Батыс Қазақстан облысында – 33, Қостанай және Маңғыстау облыстарында – 32, Жетісуда – 30 факті тіркелген. Ең аз заңбұзушылықтар Ұлытау өңірінде анықталды – 6.
19 өнім әлеуметтік маңызы бар және азық-түлік тауарлары тізіміне кіреді. Бұл жарма (күріш, қарақұмық), көкөніс (картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат), нан, макарон өнімдері, құмшекер, күнбағыс майы, сиыр еті (сүйегі бар иық-кеуде бөлігі), тауық еті (сан және жіліншік), майлылығы 2,5% жұмсақ қаптамадағы сүт, майлылығы 2,5% жұмсақ қаптамадағы айран, сары май (тұзсыз, майлылығы 72,5%-тен кем емес), тауық жұмыртқасы (I санат), ас тұзы ("Экстрадан" басқа), майлылығы 5-9% сүзбе.

"Бұл ретте шекті сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшері өндірушінің сату бағасының немесе көтерме сауда жеткізушінің сатып алу бағасының 15%-інен аспайды. Одан асып кетсе, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабы негізінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", - деді ведомстводағылар.

Сондай-ақ, министрліктегілер атап өткендей, рейдтік іс-шаралардың арқасында кәсіпкерлік субъектілерінің сауда үстемесін өз еркімен төмендетуі байқалады.
"Түсіндіру нәтижесінде сауда нысандары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің сауда үстемелерін 5-15%-ке дейін төмендетті", - деп толықтырды ведомстводағылар.
Тауар бағасына профилактикалық бақылау жүргізу нәтижесі бойынша ішкі сауда субъектілеріне қатысты ескерту түріндегі 126 әкімшілік хаттама толтырылып, 1 айыппұл салынды.