НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті РУ-170/1 мекемесінің төрт қызметкеріне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.
Тергеу изоляторының қызметкерлері 2021 жылы наурыз айында сотталғандар мен ұсталған азаматтарға дене жарақатын келтірген, деп хабарлады "Мой город". Осылайша олар бұрын болған жанжал үшін сотталғандарды жазаламақ болды.
"Бұл іс-әрекеттер адам құқықтарын қорғау саласындағы Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына қайшы келеді. Тергеу жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы пайымдауға негіз болатын жеткілікті деректерді жинады", - делінген прокуратура хабарламасында.
Қызметкерлерге Қылмыстық кодекстің 146-бабына сәйкес айып тағылды.
Екі сотталушыға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, қалғандарына келу туралы міндеттеме таңдалды.