АЛМАТЫ, 3 тамыз – Sputnik. Биыл Алматы қаласының индустриялық аймағында алты өндірісті іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында Алматы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтанбаев хабарлады.
Жыл соңына дейін Алматы индустриялды аймағында іске қосуды жоспарлап отырған өндірістер қатарында:
"Каз-Диа-Тест" фармацевтикалық зауыты;
Valtherm радиатор өндірісі зауыты;
City Stone тастан бұйымдар жасау зауыты;
Teplostil термопанель шығару зауыты;
Stroy Production газбетон өндірісі зауыты;
"ЭлектроБар" электротехникалық бұйымдар шығару зауыты бар.
Сондай-ақ жалпы өндірістік ауданы шамамен 16 мың шаршы метр болатын 4 өнеркәсіптік саябақ ашу жоспарда бар. Онда жеңіл тамақ өнеркәсібі және металл өңдеу саласындағы 24 компания болады.
Берік Солтанбаевтың айтуынша, Алматыда фармацевтикалық және аспап жасау саласы дамып келеді. 2023-2024 жылы фармацевтикалық кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.
2022 жылдың соңына дейін "Алатау" инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағында төмен вольтты жүйенің электр техникалық жабдықтарын өндіретін OISB Қазақстан зауытын іске қосу жоспарлануда. Оның 200 миллион теңге инвестициясы бар.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы индустриалды аймағында қараша айының соңына дейін теміржол станциясы іске қосылатыны хабарланған болатын. Бұл қазіргі тұрғындар мен болашақ инвесторлар үшін негізгі нысан болады.