Түркиядағы АЭС құрылысына қазақстандық мамандар да шақырылды

Sputnik
МЕРСИН (ТҮРКИЯ), 2 тамыз – Sputnik. Қазақстан атом электр станциясын салуға мүдделі. Бүгінде стратегиялық маңызы бар нысанның орны анықталды. Ол – Алматы облысындағы Үлкен кенті. Атом электр станциясы Балқаштың жағасында бой көтереді. Бірақ нақты қай елдің компаниясы құрылыс жұмыстарын атқаратыны әзірше белгісіз. Билік өкілдері осы саладағы әлемдік тәжірибені зерттеуге кірісіп кетті.
Қазақстанда атом электр станциясын салуға бірнеше компания ниет білдіріп отыр. Олардың ішінде "Росатом" мемлекеттік корпорациясы да бар. Ол әлем бойынша АЭС құрылысы саласында көшбасшы компаниялардың қатарына кіреді. Қазіргі кезде Росатом Түркияның алғашқы атом электр станциясы - "Аккуюды" салып жатыр. Қазақстанның мемлекеттік органдары Түркияның осы тәжірибесін де жан-жақты зерделеп жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісі Мерсин провинциясында болып, "Аккуюдың" құрылысымен танысты. Ол жерде қазақстандық мамандар да жұмыс істеп жүр.
Түркиядағы "Аккую" атом электр станциясының құрылысы

"Headhunter арқылы жұмыс таптық"

Бүгінде "Аккую" алып құрылыс алаңына айналды. Ол жерде 20 мыңнан астам адам жұмыс істеп жүр. Басым бөлігі, шамамен, 80 проценті – Түркия азаматы, қалғаны – шетелдіктер. Мәселен, жақында Қазақстаннан 150 құрылысшы келген.
"Бәрі жоғары білікті мамандар, біз олардың жұмыс сапасына өте ризамыз. Қазақстанда жоғары талаптан өткен әрі атом электр станциясының құрылысы не екенін білетін дайын бригадалар болады", - дейді "Аккую Нуклеар" АҚ бас директоры Анастасия Зотеева қазақстандық журналистермен болған кездесуде.
"Аккуюдың" құрылыс алаңына ғана емес, бас кеңсесіне де жұмысқа қабылданған қазақстандық мамандар бар. Бір қызығы, олар түйіндемені Headhunter-ге жіберген. Сол арқылы жұмысқа шақырылыпты.
"Аккую" атом электр станциясында жұмыс істейтін қазақстандықтар Мират Қадысов, Хасан Аладдинов және Ербол Сағымбаев
Мират Қадысов – аудиторлық жұмыс тобының жетекшісі. "Аккуюде" 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Ресейдің халықтар достығы университетінің түлегі бұған дейін "Газпром" жобаларында аудитор болған.
"Менің келіншегім де осында істейді. Ол логистикамен айналысады. "Аккуюдің" бір жақсы жері сол, жолдасыңа да жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді", - дейді Мират.
Ербол Сағымбаев та компанияға Headhunter арқылы келген. Бірақ бірден қызметке тағайындалмады. Ербол бірнеше рет сұхбаттасуға шақырылды. Ал жұмыс берушінің шешімі жеті айдан кейін келген. Қазіргі кезде Ербол техникалық кеңсенің инженері болып істейді.
Хасан Аладдинов – Тараз қаласының тумасы. Кәсіби құрылысшы Стамбұл техникалық университетін тәмамдаған. Ал "Аккуюде" құрылыс-монтаждау басқармасының бөлім басшысы қызметін атқарып жүр.
Мамандардың бәрі АЭС-ке жақын қалашықтар мен кенттерде теңіз жағасында тұрады. Климаты жылы, жыл бойы жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрін жеуге болады. Ал, ең бастысы, аса ауыр әрі қызықты нысанда үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік бар.

Түрік мамандары арнайы дайындықтан өтіп жатыр

"Аккуюдың" құрылысшылары рекорд орнатуға мүдделі. Түркияның атом электр станциясында алғаш рет бір уақытта төрт энергетикалық блок орнатылады. Оған дейін жүздеген түрік студенті орыс тілін меңгеріп, Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары – Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университеті мен Санкт-Петербордың политехникалық университетінде біліп алып шығуға тиіс.
Росатомға "Аккую" атом электр станциясын салуға рұқсат берілгенде екі ел маман даярлау туралы келісімді рәсімдеген болатын. Соңғы он жылдың ішінде 220 түрік студенті Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университетінде білім алып шықты. Бұдан бөлек, тағы 46 адам питерлік политехтің түлегі атанды. Жалпы, 2027 жылға дейін АЭС-ті пайдалану бойынша тағы 390 түрік азаматы оқытылады. Бәсеке қатты болып тұр. Бір орынға 78 адам таласып жатады.
Қазіргі кезде оқуға түскен студенттердің бәрі Ресей бюджеті есебінен білім алады. Оларға стипендия төленеді. Жатақханадан орын беріледі. Сондай-ақ жылына бір рет Түркияға ұшып келу шығындары өтеледі.
Қазақстандықтар үшін тіл жағынан кедергі жоқ. Оған қоса, Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университетінде білім алу үшін шетелге шықпауға да болады. Себебі Алматыда ҚазМУ-дың жанынан филиалы ашылған.

Түркиядағы АЭС-тың ерекшелігі неде

"Аккую" атом электр станциясы Түркияның оңтүстік-шығысында Жерорта теңізінің жағалауында салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталған. Электр станциясында төрт энергетикалық блок (III+) болады. Қуаты - 1200 МВт. Қызмет мерзімі – 60 жыл. Оны тағы 20 жылға ұзартуға болады.
Росатом "Аккую Нуклеар" компаниясы атынан жобаны жасап, құрылыс жұмыстарын атқарады. Бұдан бөлек, қызмет көрсету мен пайдалану жұмыстарына жауапты. Ал 60-80 жылдан кейін атом электр станциясын эксплуатациядан шығарып береді. Келесі жылы бірінші энергетикалық блокты іске қосу жоспарланып отыр.
Росатом Түркиядағы АЭС үшін үлкен кредит алған. Соның ақшасына құрылысты толығымен қаржыландырып жатыр.
Қазіргі жоспарға сәйкес, "Аккую" Түркиядағы энергияның 10 процентін шығарып отырады. Энергия алты трансформаторға 300 шақырым радиусында беріледі. Атом энергиясын алатын қалалардың ішінде Манавгат курорты да бар. Ол жерде қазақстандық туристер жиі демалады.
"Аккую" атом электр станциясы сыртқы әсерлер мен табиғи апаттарға төзімді. 9 балдық жер сілкінісі, дауыл, су тасқыны, цунами, қатты жарылыс, тіпті, ұшақтың құлауы да станцияның жұмысын тоқтата алмайды.
III+ буынға жататын реакторлардың қауіпсіздік деңгейі жоғары, кез келген апатты жағдайға шыдай алады. Реакторларда "балқытпаның қақпаны" деп аталатын құрылғы орнатылған. Апатты жағдай болса, қақпан балқытпаны корпустан шығармай, ұстап қалады. Қоршаған ортаға да зиян келмейді.
Түркия билігі де, экологтар мен қоғам белсенділері осы мәселені жіті бақылауда ұстап отыр. Экология мәселесі талай рет қоғамдық талқылауға шығарылған. Барлығы бір шешімге келді. АЭС-тен зиян болмайды. Ал теңіз суын тек реакторларды суыту үшін пайдаланады. Одан кейін оны қайтадан теңізге жібереді, ешқандай химиялық және радиациялық әсері жоқ.
Түркиядағы "Аккую" атом электр станциясының құрылысы

Санкциялар АЭС құрылысын тоқтата алмады

"Аккую" атом электр станциясы – бұл халықаралық жоба. Жер – түріктікі, реактор – ресейдікі, ал турбиналарды француздар жеткізіп береді. Ресейге қарсы санкциялар құрылысқа кедергі жасай алмайды.
"Аккую" АЭС бас директорының орынбасары Сергей Буцкихтің айтуынша, Түркия былай тұрсын, бүгінде Росатомның шетелде салып жатқан бірде-бір атом электр станциясына санкция салқыны тимеді.
"Иә, логистика жағы нашарлап кетті. Біз бірқатар қиындыққа тап болдық. Себебі кемелердің бәрі бірдей бұрынғыдай жүгімізді ала бермейді. Алайда дос елдердің кемелері бар ғой. Олар бас тартпайды. Сондықтан құрылыс қарқыны баяулап жатқан жоқ", - дейді Буцких.

Қазақстанда АЭС салудың ұтымды жағы қандай?

Электр энергиясы тапшылығын жабуға болады. Қазіргі болжамға сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстанда базалық қуат көздерінің тапшылығы 3,2 ГВт-қа жетеді. Сол кезде максималды жүктеме 15 ГВт-тан 23 ГВт-қа дейін өседі.
Қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтар азаяды. Сарапшылардың болжамы бойынша жыл сайын парниктік газдардың көлемін 4 миллион тоннаға азайтуға мүмкіндік бар.
Көрші елдерден энергия алудың қажеті жоқ.
Жаңа жұмыс орындары ашылады, ал атом энергетикасы саласындағы бір жұмыс орны басқа салаларда он жұмыс орнын құруға септігін тигізеді.
АЭС орналасқан аймақтың дамуына серпін береді.

Ресейдің атом энергетикасының артықшылығы неде?

АЭС-ты салу және пайдалану саласында Ростатомның бай тәжірибесі бар. Қазіргі кезде Ресей 12 елде 35 энергетикалық блокты құрастырып жатыр.
Росатом АЭС-ты құру және пайдалану бойынша толық циклды іске асырады. Сондай-ақ эксплуатациядан шығарып береді.
АЭС құрылысы кезінде ресейлік жоғары оқу орындарында электр станциясының болашақ ұжымы оқытылады.
Росатом ұлттық заңнама мен жергілікті менталитетке бейімделе алады.