Теміртауда жол апатынан екі адам қаза тапты

Жолаушы түрлі жарақаттармен Теміртаудағы медициналық мекемелердің біріне жатқызылды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 тамыз – Sputnik. Теміртау маңында екі жүк көлігі соқтығысты. Оқиға салдарынан екі ер адам қаза тауып, бір бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қайғылы оқиға кеше күндіз Теміртау – Қызылқой тас жолында болды. Алдын ала мәліметтер бойынша жүк тасығыш көлік қарсы жолаққа шығып, Газ-53 көлігімен соқтығысқан.
Соңғысының жолаушысы мен жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды.
"1 тамыз күні сағат 12:50 шамасында Бұқар Жырау ауданында "Теміртау қ. – Қызылқой к." автожолында алдын ала деректер бойынша SHACMAN жүк көлігінің 33 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып, 38 жастағы ГАЗ-53 жүк автомобиль жүргізушісі бетпе-бет соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ГАЗ-53 жүргізушісі мен онымен бірге кабинада болған 21 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды", – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ аталған көліктің жас жолаушысы түрлі жарақаттармен Теміртаудағы медициналық мекемелердің біріне жатқызылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.