НҰР-СҰЛТАН, 2 тамыз – Sputnik. Жаңа оқу жылында педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша жоғары білім алуға 1300-ге жуық грант бөлінеді. Одан бөлек әлеуметтік көмек бойынша жеке бағдарлама қарастырылған, деді Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов.
"Жағдайы төмен отбасылардан шыққан талапкерлерге қала университеттерінде білім алуы үшін оқу ақысын төлеу түрінде әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бұл бағдарлама бойынша құжат қабылдау 21 тамызға дейін (қоса алғанда) жалғасады. Оқу ақысын төлеу түріндегі әлеуметтік көмек жетім балалар, балалар үйінің түлектері, бала күнінен мүгедек, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар және т.б. арасында бөлінеді", - деп жазды елорда әкімі әлеуметтік желіде.
Тізімге еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар енгізіледі: биотехнология, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, геодезия және картография (web-картография), сәулет (BIM-менеджер жобалаушы), мектепке дейінгі оқыту, жерге орналастыру-агроинженерия, инженер, жалпы медицина, педагогика, IT маманы, әлеуметтік жұмыс, жылу энергетикасы, азық-түлік өнімдерінің технологиясы, электр энергетикасы және т.б.
Қаланың жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеу түрінде әлеуметтік көмек алу үшін қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына (Бейбітшілік көшесі, 9) хабарласу керек немесе құжаттарды электронды түрде https://egov.kz веб-порталындағы "электронды өтініш" бөлімі арқылы тапсыру қажет.
Әлеуметтік көмек отбасының бір мүшесі үшін 4 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен (190 088 теңге) аспайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы болған кезде ақшалай төлем түрінде тағайындалады. Толық ақпаратты әкімдіктің ресми сайтынан оқуға болады.