Қоғам

Қазақстандықтарға әлеуметтік әмиян арқылы қандай жәрдемақы түрлері төленеді

Еңбек министрлігі әлеуметтік әмиянға зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек және көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын аударуды жоспарлап отыр. Цифрлық әмиян әр азаматқа өмір бойына ашылады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 31 шілде – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке әлеуметтік төлемдерді цифрландыруды осыдан тура екі жыл бұрын тапсырған еді. Сол кезде бірнеше ведомство цифрлық әмиянды әзірлеуге кірісті. Алайда кейін бұл жоба созбалаңға салынып кетті. Ал жуырда мемлекет басшысы әлеуметтік әмиянды осы жылдың соңына дейін іске қосуды бұйырды.
Әлеуметтік әмиян деген не және ол кімдерге қажет? Цифрлық әмиянның кәдімгі банк картасынан айырмашылығы қандай? Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
Әлеуметтік әмиянды енгізу жұмысын сауда және интеграция, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері мен Ұлттық банк бірлесіп жүргізіп жатыр.
Цифрлық әмиян мемлекеттен әлеуметтік төлем алатын қазақстандықтарға арналған. Оны ашу үшін банкке барудың қажеті жоқ. Ол жәрдемақы алатын азаматтың таңдауы бойынша автоматты түрде ашылады.
"Әлеуметтік әмиян – бұл банк шотына балама және әлеуметтік төлемдерді тікелей проактивті түрде аударуға мүмкіндік береді. Цифрлық әмиян жеке сәйкестендіру нөмірі (ИИН) арқылы Ұлттық банк жүйесінде баламалы тәртіппен (қызмет алушының таңдауы бойынша) ашылады", - деп жауап берді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Sputnik Қазақстанның ресми сауалына.

Цифрлық әмиян арқылы қандай әлеуметтік төлемдер төленеді

Еңбек министрлігі мына төлемдерді әлеуметтік әмиян арқылы кезең-кезеңмен төлеуді жоспарлап отыр:
зейнетақы төлемі;
бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы;
бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы;
көп балалы отбасыларға ай сайынғы жәрдемақы;
мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек;
асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем;
мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақы;
мүгедек бала тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) төленетін ай сайынғы жәрдемақы.

Банк картасынан айырмашылығы

Министрліктің ақпаратынша, әлеуметтік әмиян – бұл ақпаратық жүйе, банк карточкасы емес. Оның артықшылығы – ол әр азаматқа ЖСН арқылы өмір бойына ашылады. Шот ашу немесе банк картасын жаңарту үшін әр үш жыл сайын банкке барудың қажеті жоқ.
Әлеуметтік әмияннан онлайн режимде төлем жасауға болады. Мысалы, коммуналдық қызметтер, телефон және тағы басқа қызметтердің ақысын төлеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ цифрлық әмияндағы ақшаны банк картасына аударуға, оны әдеттегідей пайдалануға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға болады.
"Яғни, азамат әлеуметтік әмиянды пайдалануда ешқандай кедергілерді сезінбейді", - деп сендірді ведомство.

Әлеуметтік әмияндағы ақша қалай қорғалады

Әлеуметтік әмиянға аударылған ақшаны "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңға сәйкес банктер, коллекторлар немесе салық органдары өндіріп ала алмайды. Ондағы қаражат қорғалған.
Цифрлық банктік төлем құралы ретінде барлық қауіпсіздік талабына сәйкес келеді. Бірінші кезекте пайдаланушы тарапынан екі факторлы аутентификация жүргізіледі. Дербес деректердің қорғалуы сақтау, өңдеу деңгейінде қамтамасыз етіледі. Әмиян екінші деңгейлі банктер мен электронды төлем жүйелеріне қойылатын барлық талапқа сай болады.
Тоқаев Әлеуметтік әмиянды жыл соңына дейін енгізуді тапсырды