Былтыр бір келі құмшекер, шамамен, 284 теңге болса, биыл 800 грамы 900-1000 теңге тұрады. Желіде қантқа таласып жатқан жұртты жиі көруге болады. Олардың бәрі арзан қант үшін таласып жатады. Оны әкімдіктер тұрақтандыру қорынан шығарып, сауда желілеріне арзан бағамен сатады.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тура сондай қантты алған сияқты. Жақында орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте министр астанада бір келі қантты 470 теңгеге алғанын айтты.
"Екі апта бұрын мен ірі желіге барып, қант сатып алдым. 470 теңгеден болды. Қазіргі күні ақпарат бойынша 480 теңге сол желіде", - деді Сұлтанов.
Sputnik Қазақстан тілшілері 470 теңгенің қантын тапты. Оны, шынымен де, ірі сауда желісінде сатады. Бірақ арзан қантты күнде жеткізе бермейді. Соның салдарынан тағы ұзынсонар кезек пайда болады. Сосын әрбір адамға екі келі қант қана сатады. Халық айла-амалын тауып, көбірек алып қалуға тырысады. Екі келіге таныстарын жібереді. Сосын ақшасын аудара салады.
Ал ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтың айтуынша, әкімдіктер арзан қантты нарыққа шығарып, халықты дүрліктіріп қояды. Негізі, тұрақтандыру қорлары қантты өз бағасынан төмен сатып отырады. Министр арзан қант болмаса, халық оған таласпайды дейді. Құмшекерді өз бағасына сату керек деп санайды.