Жоғалған Түркістан азаматы Ресейден табылды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде – Sputnik. Ресейге жұмысқа кетіп, туыстары іздеу салған түркістандық еліне қайтарылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға арыз жазған азаматтың анасы 46 жастағы ұлының Ресейге жұмысқа кетіп, бір жыл бойы хабарсыз екенін айтқан.
Түркістан қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметкерлері Ресей Федерациясында жұмыс бабымен болуы мүмкін деген тұжырымды ескеріп, сол жақтағы елшілік пен тәртіп сақшыларына хабарлама жіберді.
Нәтижесінде, полицейлер жоғалған орта жастағы азаматты бірнеше күн ішінде тапты. Белгілі болғандай, жоғалған ер азамат Ресейде жұмыс жасауға барып, абайсызда аяғын сындырып алған. Содан бері жұмыссыз жатқан. Сондай-ақ, азамат өз сөзінде анасы уайымдамас үшін оған хабарласпағанын айтты.
Қазіргі таңда 46 жастағы азамат үйіне қайтарылды.