Өңірлер

Павлодарлық біреудің ақшасын спорттық ұтысқа тігіп, қаржыдан айырылды

Көп жағдайда бұл қылмыстарды бухгалтер, кассир, қойма меңгерушісі, дүкен сатушысы, экспедитор, сарапшы бағалаушылар жасайды
Sputnik
ПАВЛОДАР, 28 шілде - Sputnik. Павлодарлық ЖШС-нің экспедиторы спорттық ұтысқа жарты миллион теңгеге жуық ақша салды, деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Павлодарлық ЖШС-нің директоры полицияға экспедитор болып жұмыс істеген 29 жастағы қала тұрғынына арыз түсірген. Ол өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жеткізілген тауар үшін алынған 460 мың теңгені қолды еткен. Тәртіп сақшылары анықтағандай, ол қаржыны спорттық ұтысқа тіккен. Бұған дейін экспедитор ұрлық үшін сотталған болатын.
Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы ("адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленуі немесе ысырап етуі") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. 3000 АЕК (9 189 000 теңге немесе 19 279 АҚШ доллары) дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған.
Төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылуы мүмкін.
Жыл басынан бері облыста бөтен мүлікті талан-таражға салудың 39 фактісі тіркелді.
Талдау көрсеткендей, көп жағдайда бұл қылмыстарды бухгалтер, кассир, қойма меңгерушісі, дүкен сатушысы, экспедитор, сарапшы бағалаушылар жасайды. Полиция кәсіпорын иелеріне ара-тұра түгендеу мен аудит жүргізуді, тауарлар мен материалдарды сақтау орындарында өткізу жүйесін, бейнекамераларды орнатуды ұсынады.