Қоғам

Алматылық дәрігер ауруханаға түскен баланың зорланғанын мәлімдеді

Алматы қалалық полиция департаменті осы оқиғаға қатысты іс қозғалғанын хабарлады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде – Sputnik. Алматыда емхана дәрігері 11 жастағы ұлдың зорланғанын айтты. Бұл туралы "НеМолчиKz" қоғамдық қорының жетешкісі Дина Таңсәрі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Баланы туысы дәрігердің қарауына алып келген. Сол кезде медицина қызметкері ұлдың бір емес, бірнеше рет зорланғанын анықтады.
"Бала артқы жағы ауырады деп келді. Дәрігер оны қарап, бірнеше рет зорланғанын түсінді. Балаға хирургиялық көмек керек. Істің мән-жайын айтпай, тұра тұрайық. Бірақ жантүршігерлік оқиға екені анық", - деп жазды Таңсәрі қордың әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алматы қалалық полиция департаменті осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 121-бабы, 4-бөлігі (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық, жас балаға қатысты жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеудің басталғанын хабарлады.
Қылмыстық іс Медеу аудандық полицияда тіркелген.
"Тергеу кезінде барлық сараптама жасалып, оқиғаның мән-жайын анықталады. Осы факт расталса, заң бойынша тиісті шара қолданылады", - дейді полицейлер.
Айта кетері, осы қылмыс үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жиырма жылға бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.