Қазақстанда АҚШ долларын сатып алу бәсеңдеді

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Маусым айында АҚШ долларын сатып алу қарқыны бәсеңдеді.
"2022 жылғы маусымда теңгенің биржалық бағамы 1 АҚШ доллары үшін 425,41 – 470,24 теңге аралығында өзгерді. Маусым айының соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 13,3 пайызға әлсіреп, 1 доллар үшін 470,24 теңге болды. Теңге-доллар бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 12,1 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,1 млрд АҚШ доллары, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 10 млрд АҚШ доллары болды", - делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Атап айтқанда, биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 81,8% немесе 8,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл олардың меншікті капиталды валюта тәуекелдерінен хеджирлеуіне байланысты болды. Операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысы арақатынасына әсер етпейді.
"2022 жылғы маусымда халық нетто-негізде 91,5 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Алдыңғы аймен салыстырғанда бұл шығыстар 2,7 есе төмендеді (2022 жылғы мамырда – 249,7 млрд теңге). 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, (237 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 2,6 есе төмендеді", - деп хабарлады банк.
Осы орайда шығыстардың негізгі көлемі, яғни 46,4% немесе 42,4 млрд теңге АҚШ долларын, 16,4% немесе 15 млрд теңге Ресей рублін, 36,7% немесе 33,6 млрд теңге еуроны сатып алуға бағытталды.
"Валюта түрлері бойынша бөлгенде бір айда АҚШ долларын сатып алуға арналған шығыстар 4,9 есе төмендеді. Ал Ресей рублін сатып алуға арналған шығыстар 5,7%-ға өсті және еуроны сатып алуға арналған шығыстар 31%-ға артты", - делінген ақпаратта.