Екібастұзда құбыр ауыстырып жатқан жұмысшыны тоқ соқты

Желіде оқиға орнында түсірілген видео тарады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Екібастұз қаласында канализациялық жұмыстар кезінде жұмысшы тоққа түсіп, мерт болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Желіде оқиға орнында түсірілген видео тарады. Полиция жолдың екі жағын жауып тастады. Оқиға орнына өрт сөндірушілер де келді. Автокранның дөңгелегі өртенген. Ал жебесі электр сымға тиіп қалған.
Ресми мәліметке сәйкес, автокран Мәшһүр Жүсіп – Пішембаев көшелерінің қиылысында канализациялық жұмыстар кезінде істеп тұрған. Тозығы жеткен құбырлар ауыстырылған. Сол кезде кран жебесі жоғары кернеулі сымға тиіп кеткен.
Тоққа түскен жұмысшы оқиға орнында мерт болды.