Алматыда жұртты пышақпен қорқытып, тонаған жастар ұсталды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Алматыда саябақтарда халықты тонап жүрген қылмыстық топ ұсталды. Жас жігіттер адамдарды пышақпен қорқытып, соққыға жыққан, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Басбұзарлардың үшеуі 17 жаста болса, біреуі 19-ға келген. Олар, көбінесе, саябақтар мен халық көп жиналатын жерлерде жүрген. Ал түн жамылғанда қорғансыз азаматтарға тонаған. Пышақпен қорқытып, соққыға жыққан. Ұялы телефондары мен басқа да бағалы заттарын тартып алған.
Медеу ауданының полицейлері қылмыстық "квартетті" құрықтады. Төртеуі де қамауға алынды. Қазіргі кезде Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы және Қылмыстық кодекстің 192-бабы, 2-бөлігінің 1-ші және 4-тармағы ("Тонау, яғни ұрлық мақсатында бөтеннің мүлкіне күш қолдану арқылы адамдар тобының сөз байласуы бойынша қару қолданумен жасалған ұрлық") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Осы орайда полицейлер зардап шеккен азаматтарды 8 (727) 254-48-02; 8-702-476-66-60 телефондарына хабарласуды сұрайды.
Айта кетері, қарақшылар жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін. Мүліктері де тәркіленеді.