Қоғам

Грузия мен Әзербайжаннан көлік алатындарға ескерту жасалды

Қазіргі кезде кейбір шетел азаматтары Қазақстанға көлік мініп келеді де, артынан өздері кетіп қалады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Мемлекеттік кірістер комитеті Грузия мен Әзtрбайжаннан әкелінген көліктерді кедендік тазартудан өткізу қажеттігін ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Заң бойынша Еуразиялық экономикалық одақа кірмейтін елдерден әкелінген автокөліктерді кедендік тазартудан соң ғана қолдануға болады.

"Соңғы кездерде Қазақстан аумағына шетел азаматтарының жеке пайдалануға арналған көлікті уақытша алып келу жағдайлары жиілеп кеткен. Бұлар негізінен Грузия мен Әзербайжан азаматтары. Мұндай көлік сосын біздің елдің азаматтарының иелігіне беріледі", - делінген ресми хабарламада.

Ал Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кеден аумағына үшінші елдерден уақытша әкелінген көлік шетелдік тауар болып саналады. Кедендік тазартудан соң тиісті кедендік алымдар мен салықтарды төлену керек. Сонда ғана қолдануға рұқсат бар.
Комитеттің мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде кейбір шетел азаматтары Қазақстанға көлік мініп келеді де, артынан өздері кетіп қалады. Соған қарағанда олар ЕАЭО аумағына автокөлікті Қазақстан азаматына беру мақсатымен келіп жатыр.
"Уақытша әкелу мерзімі, яғни, бір жыл өткеннен кейін көлік ЕАЭО аумағынан шығып кетуі қажет. Ал шығарылмаса, тиісті шаралар қолданылады", - дейді комитет мамандары.
Комитет полиция департаменттерімен бірлесе отырып, рейд іс- шараларын ұйымдастырады. Осы уақытқа дейін 116 автокөлік анықталып, уақытша сақтау қоймаларына қойылды.
Айта кетері, бүгінде көліктің шығу тегін, сондай-ақ, кедендік тазартудан өткені, я өтпегенін білуге болады. Ол үшін комитеттің өзіне (87172 71 77 24) немесе тұрғылықты жердегі мемлекеттік кірістер департаментіне хабарласу керек.