НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде – Sputnik. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов экономистердің елде гигиена мен тұрмыстық химия заттары қымбаттап, тапшылық болады деген болжамына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, сарапшылардың зерттеуі түрлі сипатта болуы мүмкін. Бірақ қазіргі таңда тауар жеткізу шарттары шынымен де өзгерген.
"Логистика өзгеріп жатыр. Бұл тек азық-түлікке ғана емес, азық-түлік емес тауарларға да қатысты. Бірақ қазір біз гигиена заттарымен қандай да бір проблема байқап отырған жоқпыз", - деді Сұлтанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министр дистрибьютерлерге тұрмыстық химия мен гигиена заттары бойынша әрекет ету оңайға соғатынын атап өтті.
Өйткені гигиена заттары Қазақстанға негізінен импортталады. Тауар жеткізу географиясы өзгерді, әсіресе Транскаспий бағдары тиімдірек жұмыс істей бастады.
"Бұл жерде біз қандай да бір іркіліс болжап отырған жоқпыз", - деді Сұлтанов.