Білім

Аймағамбетов балабақшаларға лицензия қалай берілетінін айтты

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде – Sputnik. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов балабақшаларды лицензиялаудың тиімділігін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері министрлікке балабақшалардың жұмысына қатысты 30-дан астам шағым түскен. Ішкі істер органдары әкімшілік істер қозғады. Бұдан бөлек, бүгінде балабақшалардың 80 проценті мемлекеттік аттестациядан өтпеген. Ал лицензия беру жүйесі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасын арттыра түседі.
"Лицензия беру – мектепке дейінгі білім сапасын қамтамасыз етудің маңызды құралы болғанымен жалғыз тетігі емес. Біз педагогтердің біліктілігін арттыру, жан басына қаржыландыруды дамыту, бағдарламаларды жетілдіру және басқа да жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта елімізде мектеп, колледж, жоғары оқу орындары деңгейі бойынша лицензия беру бар. Мысалы, соңғы үш жылда жекеменшік мектептердің саны бірнеше есе өсті. Ол нені білдіреді? Ол лицензия берудің жекеменшік мектептер ашу үшін ешқандай да кедергісі жоқ екенін және талапты орындауға болатынын білдіреді. Сондықтан біз дәл осы тәртіпті енді балабақшаларға қайтадан енгізіп жатырмыз", - дейді Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, балабақшалардың құрылтайшылары мен иелеріне дүрлігіп, қорқудың қажеті жоқ. Себебі барлық балабақша бір күнде немесе бір айда лицензия алуға міндеттелмейді.

"Бірінші кезекте жаңадан ашылып жатқан жекеменшік, мемлекеттік балабақшалар лицензия алады. Келесі кезеңде тәуекелі жоғары ұйымдарға лицензия беру жұмысы жүргізіледі", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде балабақшалар бірлестіктерінің басым көпшілігі лицензия беру жүйесін қайта енгізуді қолдап отыр. Себебі сапасыз балабақшалар мен балаларды ұрып-соғу фактілерін ешкім жоққа шығара алмайды. Балабақша құрылтайшылары балалардың мүддесін бірінші орынға қойып, барынша ашық, әділ және барлығына бірдей мүмкіндік болғанын дұрыс деп санап отыр.
"Лицензия талаптары жоғары болмайды. Егер балабақша осы минималды талаптарға сәйкес келетін болса, онда қиындықсыз, өте қысқа мерзімде, электронды форматта лицензия алады. Сондықтан бұл айтарлықтай үлкен мәселе туғызбайды. Біздің мүддеміз балаларды сапалы балабақшамен қамту", - деді министр.