Қоғам

Қазақстанда "Цифрлық нотариат" пайда болды

Сенімхаттардың жекелеген түрлерін онлайн режимде рәсімдеуге болады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. Қазақстанның үш өңірінде "Цифрлық нотариат" пилоттық жобасы іске қосылды.
Жобаны әділет министрлігі цифрлық даму министрлігі және республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
Бірінші кезеңде пилоттық жобаға Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облысының нотариустары қатысады.
"Цифрлық нотариат" жобасы нотариалдық сенімхаттарды онлайн куәландыруды көздейді", - деп хабарлады әділет министрлігі.
Бұл жоба азаматтарға мына сенімхат түрлерін электронды форматта рәсімдеуге мүмкіндік береді:
барлық құзырлы органда және кәсіпорындарда өз мүдделерін білдіру;
мұрагерлік істі жүргізу;
Қазақстан соттарында істерді жүргізу.
Қызметті алу үшін Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйедегі "Цифрлық нотариаттық іс-әрекеттер" сервисіне өту қажет.