Спорт

Нұр-Сұлтанда дзюдодан Азия чемпионаты өтеді

Бапкерлер қосынының шешімімен Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасынан негізгі және қосалқы құрама спортшылары аралас қатысады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. 4-7 тамыз күндері Нұр-Сұлтан қаласы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында дзюдодан ерлер және әйелдер арасында Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлады федерацияның баспасөз қызметі.
Жарысқа Азияның 30 елінен 400-ге жуық дзюдошы қатысады деп жоспарлануда. Додада татами шеберлері жекелей және аралас-командалық жарыс бойынша өзара мықтыны анықтайды.
Қазақстан дзюдо федерациясы президентінің міндетін атқарушы Асхат Жіткеевтің айтуынша, Қазақстан дзюдодан әлемдік бәсекелерді өткізу бойынша мол тәжірибеге ие.
"Осы уақытқа дейін халықаралық дзюдо федерациясы елімізге әлемдік лицензиялық Гран-при жарыстарынан бөлек, ересектер арасындағы әлем чемпионаты (2015, Нұр-Сұлтан) мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын (2019, Алматы) өткізуді сеніп тапсырған. 2017 жылдан бері Азия дзюдо одағының күнтізбесіне сәйкес жылда елімізде жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында дәстүрлі түрде екі рет Азия кубогі өткізіліп келе жатыр. Енді міне, биыл Азия чемпионатын өткізу құқығына ие болдық", – деді Асхат Жіткеев.
Айта кетейік, бапкерлер қосынының шешімімен Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасынан негізгі және қосалқы құрама спортшылары аралас қатысады.
"Ұлттық құрама сапындағы дзюдошылар үшін құрлықтық бәсеке жылдың басты додасы әлем чемпионатына дайындық болып табылса, құрама қатарына енді қосылған жас дзюдошылар үшін Азия чемпионатына қатысу ірі жарыстың атмосферасын сезініп, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді", - деп қосты Асхат Жіткеев.
Айта кетерлігі, IJF ережесі бойынша, Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Олимпиадалық рейтингте ұпай сандары қосылады.
Атап айтқанда, жеңімпаз 700 ұпайды еншілесе, 2 орын иегері 490, ал 3 орынға 350 ұпайдан үлестіріледі.