"Көрпемен тұншықтырған": министрлік балабақша жұмысына қатысты арыздарға жауап берді

Ішкі істер министрлігі мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты 15 әкімшілік іс қозғады
Sputnik
АЛМАТЫ, 25 шілде – Sputnik. Балабақшалардың жұмысына қатысты ондаған арыз-шағым түсіп жатыр. Соңғы түскен арыз-шағымдар бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, балалардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактілері бойынша 5 әкімшілік іс қозғалды.
Ішкі істер министрлігі мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты 15 әкімшілік іс қозғады, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігінде.
"Резонанс тудырған оқиғалардың бірі - Нұр-Сұлтан қаласындағы "Сәті" жекеменшік балабақшасында бүлдіршіндерге қатысты теріс қылық фактілері тіркелген оқиға. Онда балабақша қызметкерлері балаларды еденде сүйреп, бұрышқа тұрғызып, еденге итеріп, жылауын тоқтатуға мәжбүрлеген", – делінген хабарламада.
Атырау қаласындағы жекеменшік мектепке дейінгі мекемеде топтағы балалардың көп болуына байланысты тәрбиеші балаларға дұрыс бақылау жүргізбеген. Соның салдарынан балабақшаның үш тәрбиеленушісі 2019 жылы туған қызды ұрып-соғып, жарақаттаған. Қызылордада жекеменшік балабақшалардың бірінің жүргізушісі мекемеге 7 баланы алып келген.
Балаларды балабақшаға кіргізген тәрбиешінің көмекшісі бір баланың көшеде қалып қойғанын байқамай қалған. Жүргізуші де балаға мән бермей, баланы қағып кеткен. Салдарынан бала ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Теміртауда қыздың бетін көрпемен жауып, баланы тұншықтырмақ болған мұғалімге қатысты үкім шықты. Сот тәрбиешіні Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімге кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 120 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындады", – деп атап өтті министрлікте.
Ақтөбе қаласындағы "Ботақан" жеке балабақшасының 4 жасар тәрбиеленушісі күндіз баспалдақтан құлау салдарынан тамақ аймағынан (иек асты) дене жарақатын алды. Оқиға туралы ата-анасына ешкім айтпаған, ата-ана оқиға туралы кешкі уақытта ғана біледі. Балабақша әкімшілігі балаға алғашқы медициналық көмек көрсетпеген. Ата-ананың осы жайды анықтап беруін сұрағанда балабақша меңгерушісі: "Балаңызды біздің балабақшадан алыңыз, ұнамаса әкелмеуіңіз керек еді" – деп дөрекі жауап берген.
Балалар емханасында балаға тігіс салынып, жараның ауырлығына байланысты антибиотиктер тағайындалды.
"Учаскелік полицейлер балабақшадан тәркілеген бейнежазбаға сәйкес, бала дене жарақатын алғаны расталып отыр. Видеода бала жылап, иегінен ұстап, өзі дәретханаға барады, қанды өзі жуады, топқа барып, жатады. Бейнежазбада балалар өз беттерімен қалып, ересектерсіз балабақшаның екінші қабатында жатқаны да байқалады. Тәрбиелеуші 20 минут өткен соң келіп, 4 жасар қыздың жейдесін ауыстырады. ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабының 3-бөлігімен балабақша меңгерушісіне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салу арқылы әкімшілік іс қозғалды", – деп атап өтті ведомствода.
Еске салсақ, осыған байланысты оқу-ағарту министрлігі балабақшалардың лицензиясын қайтару қолға алған болатын.
Бүгінгі таңда Қазақстанда мектепке дейінгі білім беруден басқа білім берудің барлық деңгейлері – мектептер, колледждер, ЖОО-лар лицензияланады.
Министрлікте түсіндіргендей, қазіргі уақытта мемлекеттің бақылау функциясы және білім бөлімдерінің мектепке дейінгі ұйымдарды аралап, тексеруге заңды құқығы жоқ.