АЛМАТЫ, 25 шілде – Sputnik. Қазақстан оқушылары халықаралық пәндік олимпиада 21 медаль жеңді. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
"Бүгінгі күнге дейін оқушыларымыз 5 пәннен 21 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 13 күміс және 5 қола медаль бар. Яғни 23 қатысушының 21-і жүлделі орындарға ие болды. Бұл жерде ең беделді халықаралық олимпиадалар туралы айтып отырмыз", – деп жазды министр.
Айтуынша, биыл тұңғыш рет президенттің қолдауының арқасында оқушылар 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы алды. Одан бөлек ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға грантқа түсу мүмкіндігіне ие болды.
"Математикадан халықаралық олимпиадада (IMO) Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола жүлдені жеңіп алды. Командамыз 174 ұпай жинап, еліміздің олимпиадаға қатысу тарихындағы жаңа рекордын орнатты. Командалық есепте еліміз 17-орында, ал бұл – 12 жылдағы үздік көрсеткіш", – деген ведомство басшысы әр пән бойынша жетістіктерге тоқталды.
Физикадан халықаралық олимпиадада оқушылар 1 алтын, 4 күміс медаль иеленді. Бұл – соңғы 8 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Былтыр команданың қоржынына 5 күміс түскен болатын. Ал географиядан халықаралық олимпиадада оқушылар екінші жыл қатарынан алтын медаль жеңіп алды. Биыл да 1 қола медальға ие болды.
Сондай-ақ биологиядан халықаралық олимпиада қатысушылары 3 күміс және 1 қола жүлде жеңіп, былтырғы нәтижелерін жақсартты. Былтыр 1 күміс және 2 қола медаль, сондай-ақ бір құрмет грамотасын алған болатын.
"Зияткерлік сайысқа қатысқан жас химиктеріміздің жұмысын өте жоғары бағалауға болады. Олар 1 алтын және 3 күміс жеңіп алды. Оның үстіне бұл 2017 жылдан бергі алғашқы "алтын" болды. Салыстырмалы түрде алсақ, былтыр командамыз 3 күміс және 1 қола медальмен марапатталған болатын", – деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, барлық бағытта оң өзгеріс бар. Бұл балалардың дайындық деңгейін көрсетеді.
Айта кетейік, алдағы уақытта информатика мен лингвистикадан олимпиадалар өтеді. Осы орайда министр оқушылардың ел намысын абыроймен қорғайтынына сенетінін жеткізді.
"Оқушыларымызды жеткен жетістікпен құттықтаймын. Қолдау көрсеткен ата-аналарына және кәсіби шеберлігі үшін әріптестеріме де алғыс айтқым келеді", – деп қорытындылады Асхат Аймағамбетов.