НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Жамбыл облысында ер адам немересімен бірге суға батып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан өңірдің төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 23 шілде күні сағат 17.30-да Жасөркен ауылына кіреберіс жерде Талас өзеніне түскен 61 жастағы ер адам суға батып кетті. Құтқарушылар келгенше оның мәйітін куәгерлер шығарып алды.
Ал сағат 17:50-де төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 7 жасар қызды іздеуге кірісті. Ол шамамен 17:10 кезінде суға батып кеткен.
"Атасы мен немересі шомылуға жабдықталмаған жерде суға түскен", - дейді құтқарушылар.
Кеше баланың денесі табылған жоқ. Құтқарушылар бүгін, 24 шілде таңертең іздеу жүмыстарын қайта бастады. Оқиға орнына 5 құтқарушы барды, арнайы техника да тартылды.