Саясат

Тоқаев ресми сапармен Сауд Арабиясына барды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше, 23 шілдеде Қос киенің сақшысы – Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Джидда қаласына ресми сапармен келді, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан президентін әуежайда корольдің кеңесшісі әрі Мекке провинциясының губернаторы Фейсал Халид бин Әбделазиз, сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігінің қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдурахман Әл-Фадли қарсы алды.
Корольдің "Қаср Ас-Салам" сарайында Қазақстан президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Сауд Арабиясының әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазизге ресми делегациялардың мүшелері таныстырылды.
Содан кейін Тоқаев пен тақ мұрагері келіссөз жүргізді.
Ресми сапар барысында Сауд Арабиясы Королдігінің жоғары басшылығымен және іскер топтарымен бірқатар кездесу өткізіледі деп жоспарланып отыр.