НҰР-СҰЛТАН, 24 шілде – Sputnik. Қазақстанның оңтүстігіндегі Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінде орнатылған фототұзаққа Қаратау арқарлары ілінді.
Бұл жануарлар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ұлттық парк аумағының тек Түлкібас филиалында мекендейді.
"Арқарлар Сайрам-Өгем МҰТП аумағына күзде қыстауға, көктемде төлдеуге келеді. Мамыр айының соңында жазғы жайылымға қоныс аударады", - дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіндегілер.
Көктемгі санақ бойынша ұлттық паркте шамамен 75 арқар мекендейді. Олар бұталар мен шөптесін өсімдіктердің 70 түрімен қоректенеді.