Денсаулық

"Миллиардтап ақша табасыңдар!": министр деректер базасын әзірлеушілерді сынады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елордадағы бірнеше медициналық мекемені арнайы аралап, ақпараттық жүйелердің кемшіліктері туралы айтты.
"Мысалы, дәрігер компьютерде тиісті жүйе арқылы анықтама толтыру үшін әрбір пациентке орташа есеппен 13 минут уақытын жұмсайды. Анықтаманың ішінде көп уақыт алатын түсініксіз формалар бар, мәселен, пациентің жасы, салмағы, науқастың сырқатының тарихы және т.б. Осының бәрін жеке-жеке толтыру керек. Медициналық қызметкерлер сонымен қатар қағазбастылыққа қатысты (есептер ұсыну) көптеген проблеманы көтерді", - дейді министр.
Айтуынша, негізгі медициналық ақпараттық жүйелерден бөлек, дәрігерлер тағы 10 ақпараттық базамен жұмыс істеуге мәжбүр. Мұның әрқайсысы уақыт алады.
"Уақытты компьютерге емес, пациентті қабылдауға жұмсау керек. Бір деректі бірнеше жүйеге қайталап орналастыруды болдырмау үшін тиісті ақпараттық дерекқорларды оңтайландыру туралы шешім қабылдадық", - деп мәлімдеді Мусин.
Цифрлық даму министрі ақпараттық жүйелерді әзірлеушілердің алдына нақты міндеттер қойды.
"Ақпараттық жүйелерге деректерді енгізуге жұмсалатын уақыт қысқартылуға тиіс. Біз 3 негізгі жүйеден – созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, диабетпен ауыратындар және жүкті әйелдердің тіркелімінен бас тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл жүйелер тек есеп беру үшін жасалған, осыған байланысты дәрігерлер әлі күнге дейін кейбір мәліметтерді дерекқорларға енгізуге мәжбүр", - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, министр дәрігерлерден есеп беруді талап етуге тыйым салуды ұсынды.
"Жүйелер бар, тиісті дерекқорлар бар. Тексеруші органдар керек болған жағдайда өздеріне қажетті мәліметтерді сол жерден ала алады. Біз қолжетімділікті қамтамасыз етуге дайынбыз", - деді Мусин.
Министр алдағы уақытта денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру жұмыстарына барынша бақылау жүргізу үшін өңірлердегі медициналық мекемелерге арнайы баруды жоспарлап отырғанын хабарлады.