Ақтау тұрғыны жұрттың көзінше әйелін соққыға жықты – желіде видеосы тарады

Бейнежазбада ер адам әйелді жерден көтеруге тырысып жүр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 22 шілде – Sputnik. Ақтау қаласында полицейлер жұрттың көзінше әйелін ұрған ер адамды іздеуге кірісті. Куәгерлер оқиға орнында түсірген видеоны Lada.kz порталының редакциясына жіберген.
Бейнежазбада ер адам әйелді жерден көтеруге тырысып жүр. Одан кейін қолынан тартады. Келіншек басын көтергенде бетінен бір ұрады. Сосын бастан бірнеше рет соққы жасайды. Желкесінен де, қолынан да тартады. Артынша тұрғызып, арқасынан итеріп, алып кетеді.
Маңғыстау облыстық полиция депаратменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, видео Ақтау қаласында 13-ші шағын ауданындағы 48 үйдың алдында түсірілген. Полицейлер видеоны зерделеуге кірісті.
"Осы оқиға бойынша 102 пультіне хабар түскен жоқ. Полицияға ешкім арызданбады. Дегенмен, видео зерделеніп жатыр. Учаскелік полицейлер ол адамдарды анықтауға кірісті", - дейді департамент мамандары.