НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Түркістан қаласында шағын автобус баланы басып кетті. Жол апаты даладағы бейнебақылау камерасына жазылып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған видеода жолдың арқы жағында екі жасөспірім тұр. Оң жақтан келетін көліктердің бәрі өтіп кеткеннен кейін біреуі сол жағына қарамай, жолға шығып кетеді. Шағын автобус тежегішті басып үлгермейді. Ал бала артына шегінемін дегенде жолға құлайды. Көлік оны бір метрдей сүйреп өткен.
Облыстық полиция департаменті жол апатының Түркістан қаласындағы Тоқаш Бокин көшесінде болғанын растады. 20 шілде күні сағат 14:30-дың шамасында қалалық полиция бөліміне хабар түскен. Полицейлер тексеріс жасап, баланың жолды белгіленбеген жерден кесіп өткенін анықтады.
Сол кезде оны "Mersedes Benz 310" маркалы қоғамдық көлік қағып кетті.
"Жасөспірім бірден ауруханаға жеткізіліп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Қазіргі таңда жәбірленуші үйіне қайтарылған. Жасөспірімнің дене жарақатына байланысты медициналық сараптама тағайындалды", - дейді полицейлер.
Ал Mersedes жүргізушісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы, 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Автокөлік айыптұраққа қойылды.
Ер адам 40 айлық есептiк көрсеткiш (127 200 теңге) мөлшерiнде айыппұл салу немесе тоғыз айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыру жазасына кесіледі.