Саясат

Тоқаев: Орталық Азия елдері көлік байланысын арттыруы қажет

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияда көлік бағдарларын дамыту жолдарын ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президент Орталық Азия елдері географиялық жағынан жақсы орналасқанын атап өтті.
"Өңірдің көлік байланысын арттырып, транзит жағдайын жақсарту қажет. Жаңа геосаяси шынайылықта біздің өңірдің трансконтинентальды сауданы ілгерілету мен дамытудағы рөлі қарқынды өсуде. Бұл жағдайда Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді дамытып жатыр", - деді Тоқаев Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінде.
Айтуынша, 2017 жылдан бері осы дәліздің бағдары бойынша контейнерлер тасымалы 3 есе артқан. Бұдан бөлек, Қазақстан "Мазари-Шариф – Кабул –Пешавар" теміржол құрылысына қатысуға дайын. Атап айтқанда, Қазақстан теміржолдың жоғарғы құрылысына материалдар жеткізіп, жылжымалы құрам ұсына алады.

"Өз тарапамыздан серіктестерді "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" теміржолын белсенді қолдануға шақырамыз. Бұл Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағдар", - деді Тоқаев.

Президент жуырда Иранға жасаған сапары барысында Түрікменстан мен Иран аумағы арқылы Қазақстаннан алғашқы контейнерлік пойыз Түркияға аттанғанын еске салды.
Айтуынша, бұл жаңа логистикалық шешім 6 мыңнан астам шақырымды небәрі 12 күнде ескеруге мүмкіндік береді. Ал Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің нарығына қазақстандық Ақтау мен Құрық теңіз порттары арқылы шығуға болады.
"Түркменбаши портының инфрақұрылымын сәтті дамытып жатқан Түрікменстан да дәл осындай ұстанымда екеніне сенімдімін", - деді Қазақстан президенті.
Тоқаев Орталық Азия елдері өзара көлік коммуникациясын дамыту мәселесін де назардан тыс қалдырмауы керек екенін мәлімдеді.
"Қазіргі таңда біз Өзбекстанмен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. "Дарбаза – Мақтарал" теміржол желісінің іске қосылуы өткізу қабілетін 2 есе ұлғайтуға және жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа "Туркменбаши – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы" автомобиль жолының құрылысын да қолдаймыз", - деді ол.
2025 жылы "Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы" автожолы учаскесін реконструкциялау жұмысын бастау жоспарланып отыр.
Президент ел үкіметтері тариф саясатын оңтайландыру және әкімшілік процедураларды жеңілдету мәселелері бойынша өзара тығыз қарым-қатынаста болуы керек екенін атап өтті.