Саясат

Тоқаев мемлекетаралық шекараға қатысты даулы мәселелерді қалай шешу керектігін айтты

Президент шекараны делимитациялауға өзара қолайлы тәсілдер әзірлеу үшін сарапшылар алаңын құруды ұсынды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы даулы мәселелер тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс екенін мәлімдеді.
"Біз, мемлекеттер басшылары өңірдегі әлі де сақталып отырған тұрақсыздық факторларын барынша жою үшін барлық мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді", - деді Тоқаев Қырызстанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінде.
Керісінше, президенттің айтуынша, қазіргі дағдарыс жағдайында біздің мемлекеттер қарама-қайшылықты өркениетті жауапкершілікпен еңсерудің үлгісін көрсетуге тиіс.
"Біз шекараны заңмен рәсімдеу процесі өте күрделі және қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік және халықаралық құқықтың негізгі қағидаларын құрметтеу арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі қажет. Мұның басқа жолы жоқ", - деп мәлімдеді Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, мұндай проблемалардың қордаланып қалуы жағдайды ушықтырып, ақыр соңында Орталық Азиядағы ынтымақтасты дамытуға бағытталған барлық күш-жігерді жоққа шығаруы мүмкін.
"Қазақстан, посткеңестік кеңістікте шекарасының толық делимитациясын жүргізген жалғыз мемлекет ретінде, өзара қолайлы шешімдер іздеуге қолдан келгенше көмектесуге дайын", - деді Тоқаев.
Дәлірек айтқанда, президент шекараны делимитациялауға өзара қолайлы тәсілдер әзірлеу үшін сарапшылар алаңын құруды ұсынды. Бұл жұмысқа тәжірибелі заңгерлер, картографтар, шекарашылар мен басқа да мамандар тартылуға тиіс.
Жұмысты үйлестіру міндеті Сыртқы істер министрлері кеңесіне жүктеледі.