НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде - Sputnik. Қарағанды облысының Шет ауданындағы "Нова цинк" ЖШС "Ақжал" кенішінің кеншілері жалақыны көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етті, деп хабарлайды "Патриот" телеграм-арнасы.
"Жалақы көптеген жылдар бойы бұрынғы деңгейде қалып отыр. ЖШС басшылығы еңбекақыны көтергісі келмейді. Жұмысшылардың бәрінде отбасы, балалар, кредит бар, кқша жетпейді", - дейді жұмысшылар.
Сондай-ақ, жұмысшылар тозған жабдықтарға, жеке қорғаныс құралдарының жетіспеуіне шағымданды.
Шет ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дәурен Қарсембаев кеншілермен әңгімелесті. Олардан жұмыс орнына баруды сұрады, ал кәсіпорын басшылығымен келіссөз жүргізуге уәде берді.
Сондай-ақ, келіссөздерге аудан прокуроры Елдос Жаппар қатысып отыр.
Әкімдік 20 шілде күні кешке ереуіл аяқталғанын хабарлады.
"Келіссөз жүргізілді, ұйымдастыру мәселелері бойынша келісімдер бар. Қалған мәселелер 3 тамызға дейін шешіледі", - деп хабарлады әкімдік.