НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Қарағанды қаласында жолдың қақ ортасында асфальт опырылып түсті. Куәгерлер екі метрлік шұңқырды видеоға түсіріп алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қарағанды Су" ЖШС Майлин мен Өркен көшелерінің қиылысында жолдың опырылып түскенін растады. Апатты жағдай канализациялық коллектордың жанында болған. Сол жерде құбыр тесіліп, асфальт опырылып түскен.
"Түнде оқиға орнына кезекші бригада барып, тосқауыл мен арнайы белгілерді қойды. Сосын кезекшілік атқарды. Ал таңертең жөндеу жұмыстарына кірісті", - дейді компания мамандары.
Бүгін түстен кейін канализациялық коллектордың ақаулығы жойылды. Мамандар 800 миллиметрлік құбырдың екі метрін ауыстырып тастады.
Қазіргі кезде бетон құю жұмыстары атқарылып жатыр. Артынан асфальт төселеді.