НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Алматы қаласында бұрынғы әйелін пышақтап кеткен ер адамның бұл әрекетке не себепті барғаны белгілі болды. Сол күні ол жәбірленушінің анасына да пышақ сұққан. Қазір бұрынғы әйелі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.
Түн ортасында сыртқа шыққан әйел адамның шыңғырған даусы көрші-қолаңды дүрліктірген. Сол сәтте мән-жайды білу үшін көшеге ұмтылған жұрт, 31 жастағы ер адамның жас келіншекті пышақтап жатқанын көрген. Куәгерлер қаскөйдің бұрынғы енесіне де тап бергенін айтты.
"Кіндігінің астына пышақ ұрған. Жедел жәрдем шақырдық. Көп қан жоғалтты. Сөйлеп жерде жатты", – деді куәгер Нұршат Анаятов.
Күдікті араша түскен адамдарға да пышақ ала жүгірген. Қаскөйді көрші үйде тұратын Ұлттық ұланның әскери қызметшісі тоқтатқан.
"Мен айқаладым. Ол айналды да, жүгіріп қашты. Содан мен де артына түсіп қудым. Ол Қалқамандағы зират жаққа кіріп кетті", – деп атап көрсетті 5571 әскери бөлімнің әскери қызметшісі Жарқынбек Айдарханбеков.
Қабірлердің арасына тығылып, ізін суытпақ болған. Алайда соңына түскен тұрғындар оның жасырынған жерін анықтап, қолға түсірді. Күдікті қамауға алынды. Ал жарақат алған әйелдер ауруханада ем алуда. 23 жастағы науқас жансақтау бөлімінде жатыр.
"Екеуіне де жедел ота жасалды. Операциядан кейін жансақтау бөліміне ауыстырдық. Жансақтау бөлімінде жатқан 23 жастағы науқастың жағдайы тұрақты. Кеше өкпені жасанды желдету аппаратынан алдық. Анасында іш жарақаты мен қан кету белгілері бар. 70-80 мл қан жоғалтқан", – деді қалалық 7-ші аурухана хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Мәуленов.
Жәбірленушілердің туысы Наргиза Сәкиеваның айтуынша, қанды оқиғаға қызғаныш сезімі себеп болған. Себебі әулеттің бұрынғы күйеубаласы ажырасқалы келіншекке тыныштық бермей келген көрінеді.
"Адам емес ол. "Жоқ, менің махаббатым екеуімізге жетеді. Мен сені қатты жақсы көремін. Қызғанамын сені. Мен сені өлтірем немесе мендік боласың. Менікі болмасаң, ешкімдікі болмайсың" деп қорқытатын. 2-3 рет солай болған, 2-3 рет ажырасқан. Бірақ соңғы рет шектен шығып, сіңлім оны үйден қуып шықты", – дейді Сәкиева.
15 жерден пышақ жарақатын алған жәбірленушінің әпкесі күдікті тиісті жазасын алғанын қалайды.
Онсыз да қиын жағдайға душар болғанда осы сәтті пайдалануға кірісіп, қоғамнан қаражат сұраған алаяқтардың пайда болғанын да айтты. Наргиза Сәкиева жақындарының беті бері қарағаннан кейін, бұл іс бойынша да құзырлы органдарға арыз қалдыратынын жеткізді.