НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Балқашта ер адам ауруханадан қашып кетті. Облыстық денсаулық басқармасы оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әлеуметтік желіде тараған видеода сары жейде киген ер адам ауруханадан қашып кеткенін айтып отыр.
"Мен жатпаймын дедім, жатпаймын, екпе салмайсыңдар деп шырылдадым. Бір ұрып, жатқызып қойып, укол салды. Ұрып, есімнен тандырып, байлап тастады. Аузымды буып тастады. Сонда мен түкірігімді жұта алмай, өлуім керек. Былай қарай ауа жібермеу керек", - дейді ол.
Кадр сыртындағы әйел бұл оқиға Балқаш қаласындағы жансақтау бөлімінде болды деп жатыр. Қарағанды облыстық денсаулық басқармасы ер адамның ауруханадан қашып кеткенін растады.
"Бұл пациент 14 шілде күні Балқаш қаласының орталық ауруханасына түсті. Өміріне қауіп төніп тұрған, қан қысымы өте төмен болды. Сол себепті ауруханаға жатқызуға шешім қабылданды. Облыстың штаттан тыс кардиологымен шұғыл кеңес ұйымдастырылды. Ал жедел медициналық жәрдемнен кейін пациенттің жағдайы тұрақталды", - дейді басқарма мамандары.
Ер адамнің ішіне және кеуде тұсына компьютерлік томография жасалған. Сол кезде өңешінде, асқазанында және өкпесінде патология анықталған. Дәрігерлер медициналық университеттің профессорына хабарласып, интубациялық наркозбен асқазанына фиброгастродуоденоскопия жасауға шешім қабылдады.
Тексеріс кезінде асқазан қылтамағына ұқсас өзгерістер анықталды. Биопсияға материал алынған.
"Айта кетер жайт, пациент медициналық мекемеде болғанда агрессивті мінез танытты, жағдайым жақсы деп айқайлады. Наркоздан кейін галлюцинация болды. 16 шілдеде аурухана қызметкерлерінің жоқтығын пайдаланып, бірінші қабаттағы терезе арқылы қашып кетті. Қазіргі кезде пациент туған-туыстармен бірге орталық ауруханаға келді", - дейді дәрігерлер.
Ер адамды Қарағанды қаласындағы көпсалалы аурухананың онкологиялық стационарына жатқызу мәселесі қаралып жатыр.