НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Алматыда көлік жүргізушілерін 15 миллион теңгеге алдап кеткен алаяқ ұсталды. Зардап шеккендердің саны одаг көп болуы мүмкін, деп хабарлайды Polisia.kz.
30 жастағы жігіт өзін дөңгелектер мен дисктерді көтерме бағамен сататын адам ретінде таныстырған. Ал тауар аламын деушілерге тікелей қоймадан бәрін арзан бағамен алып беруге уәде етті.
Бірақ алдын ала төлем жасауға талап қойған. Осылайша, алматылықтардан 500 мыңнан 6 миллион теңгеге дейін ақша жинаған. Алайда тапсырысты орындаған жоқ. Қазіргі кезде 12 адам полицияға арыз түсірді. Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі (Алаяқтық, екі немесе одан да көп адамға қатысты) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Жәбірленушілерге келген шығынның жалпы сомасы 15 миллион теңгеден асып отыр. Бірақ зардап шеккендердің саны одан көп болуы мүмкін.
Полиция 8-700-300-99-96; 8-778-626-11-08 телефондарына хабарласуды сұрайды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Кінәсі дәлелденсе, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Мүлкі де тәркіленеді.