Мүгедектігі болмаса да, арбада отырған: полицейлер 3 адамға айыппұл салды

Барлығы орталық базарда ұсталды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде – Sputnik. Түркістан облысында үш қайыршы әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ішкі істер органдарына сілтеме жасап.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері орталық көшелерде және базарларда қайыр сұрайтын адамдарды тексеріп шықты. Олардың ішінде пайда табу мақсатымен халықтан ақша сұрап жүрген үш адам анықталды.
Екеуі жергілікті тұрғын болса, үшіншісі Шымкент қаласынан келген. Барлығы орталық базарда ұсталды. Бұған дейін тәртіп сақшылары үшеуіне де ескерту жасаған.
"Шымкент қаласының тұрғынының мүгедектігі болмаса да, арбада отырған. Тексеріс кезінде пайда табу үшін қолданғаны анықталды. Шын мәнінде, өзі жүре алады", - дейді полицейлер.
Үш адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 449-бабы ("Қоғамдық орындарда тиісу") бойынша жауапқа тартылды. Осы бапқа сәйкес, жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 5 айлық есептік көрсеткіш (15 900 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.