Португалия, Испания, Грекия, Франция және Түркияның өрт сөндірушілері ормандар мен қалаларды құтқаруға тырысып жатқанымен, табиғаттың дүлей күшіне төтеп беру оңа болмай жатыр.
Бүкіл Еуропаны шарпыған және Британ аралдарына жақындап қалған аптап ыстық ескі әлемдегі ауқымды өрттердің негізгі себептерінің біріне айналды.
Өртке оранған аумақтардың ауа температурасы 40 градустан асып кетуі және жақын арада төмендемейтіні өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатып отыр.
Ғалымдар соңғы жылдары ауа райының қолайсыздығына байланысты табиғи апаттар айтарлықтай жиілеп кеткенін атап өтті.
Жылу кезеңдері адам әсерінен климаттың өзгеруіне байланысты тұрақты, қарқынды және ұзағырақ болып жатыр.
Маусым айынан бері Португалияның 90%-тен астам аумағында құрғақшылық тіркелді, деп хабарлады ел билігі. Осыған байланысты басталған орман өрттері – негізінен солтүстікте – қазірдің өзінде 30 мың гектардан астам жерді шарпыды.
Бірақ Испанияның оңтүстігінде әйгілі Коста-дель-Соль курортындағы Михас жағалау маңындағы қала айналасында да өрт өршіп тұр. Осы қала маңындағы төбелерге тараған өртке байланысты билік 2 300-ге жуық адамды эвакуациялады.
Португалиямен шекаралас Монфраг қорығы өртенген Испанияның солтүстік-батысында да елдегі өрт сөндірушілер тілсіз жаумен күресіп жатыр.
Францияда табиғат өрттері көбінесе Атлант мұхиты жағалауында тіркелді – мұнда төрт мың гектардан астам жер өртеніп кетті және 11 мыңнан астам адамды эвакуациялады. Соның ішінде танымал кемпингтерде демалған мыңдаған турист те бар.
Грекияда құтқару қызметтері бір күнде 51 өртті сөндірді, бірақ қатты желдің салдарынан жаңа өрт туындау қаупі жоғары болып тұр.