Өңірлер

Атырау облысындағы жолдың видеосы жұртты күлдірді

Құрманғазы аудандық әкімдігі видеодағы жолдың ауданға қарасты екенін растады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде – Sputnik. Әлеуметтік желіде Атырау облысында түсірілген видео тарады. Әкімдік жолдың ортасындағы сызық не себепті қисық сызылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бейнежазба Атырау облысының Құрманғазы ауданында түсірілген. Видео авторы қисық жол белгісіне қатысты өз болжамын да айтты.
"Мына сызықты қараңыз. Мас болып істеген бе? Ішіп алған ба? Былай жүрді, былай жүрді. Сосын мүлдем шет жаққа шығып кетті. Енді, мына жақтан атып шықты", - дейді көлікте отырған жолаушы.
Құрманғазы аудандық әкімдігі видеодағы жолдың ауданға қарасты екенін растады.
Шенеуніктердің айтуынша, бейнежазбаға құрылыс жұмыстары аяқталмаған автокөлік жолы түсірілген.
Мердігер компания - "Қарағанды жолдары" ЖШС.
"Аталған жұмыстар тапсырыс беруші тарапынан әлі қабылданған жоқ. Жұмыстар толықтай аяқталғасын, мердігер мекеме тарапынан қалыпқа келтіріліп, талаптарға сәйкес қабылданады", - дейді әкімдік мамандары.