НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде - Sputnik. Әйеліне пышақ ала жүгірген алматылықты Ұлттық ұлан әскери қызметшісі ұстады.
18 шілде күні кешке келісімшарт бойынша қызмет ететін сержант Жарқынбек Айдарханбеков отбасымен бірге үйде болған. Сағат 23.50 шамасында ол әйелдердің айқайын естіп, көшеге шыққан. Ер адам екі әйелді ұрып жатқанын көрген.
Қылмыскер қорқып, "Достық" қалалық зиратына қарай жүгірген. Гвардия сержанты күдіктіні қуып жеткен. Жолда полиция мен жедел жәрдемге хабарласып үлгерген.
Ер адам қараңғы уақытта зиратқа тығылуға тырысқанына қарамастан, әскери қызметкері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолдана отырып ұстаған.
Айдарханбеков ұсталған ер адамды келген полицейлерге тапсырды. Ал зардап шеккен әйелдерді жедел медициналық жәрдем қызметкерлері алып кетті.
38 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі ("денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Жарқынбек Айдарханбеков Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде қызмет етеді.