Өңірлер

Жетісу облысының тұрғындары судан уланып жатыр деген ақпарат жалған болып шықты

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жетісу облысы Сарқан ауданының тұрғындары судан жаппай уланып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
Сарқан аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы суға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштерін тексеріп тұрады.
"Соңғы зерттеулердің нәтижелері бойынша судың микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштері санитариялық нормаға сәйкес келеді. Сонымен қатар, тұрғындар аудандық ауруханаға улану туралы шағыммен жүгінген жоқ", - делінген хабарламада.
Комитет қазақстандықтарды арандатушы фейк ақпараттарға сенбеуге шақырды.
Айта кетері, жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.